Карта сакральных мест Павлодарского Прииртышья

Қараман абыз Шүрекбайұлы арғын, айдабол руынан. Мәшһүр Жүсіптің өз жазбаларында оны ХІХ ғасырда өмір сүрген Құрманбай абызбен құрдас деп жазады. Абыз ислам дінін таратушы, білімін әлемге белгілі Дамаск, Ташкент, Бұқара, Қарнақ медреселерінде алған. Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында «Хасида ілімін меңгерген адам» деп айтқан. Оқуын аяқтап, Қараман абыз туған жеріне оралады. Халық арасында өзінің қасиеттілігімен танылып, үлкен құрметке бөленеді. Халық оны «Абыз» атай бастайды, яғни абыз түрік сөзі, қоғамда маңызды рөл атқаратын адам, болашақты болжап, шайқас алдында батасын берген, шариаттың барлық заңдалықтарын жетік меңгерген. Халық оны әулие санаған, ел аузында талай аңыз-әңгімелер сақталған, солардың бірінде арбасына шайтанды жеккен дейді, оның өлімінен кейін қасиетті Рамазан айында зиратында шырақ жанып тұрады екен. Қазіргі күнде Қараман абыздың мазары мен тас стеласы Павлодар Ертіс өңірінің киелі жерлерінің бірі болып саналады. Халық арасында Қараман абыз ерекше қасиетке ие, ислам дінін таратушы, адамдарды емдейтін емші ретінде халық жадында сақталған, абыз атанып, қасиетті адам болған. Қараман абыз мазары Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жанатілек ауылынан алыс емес жерде (географиялық координаталар: N50°25'50,63" E75°06'21,43") орналасқан. Ескі рулық зираттың ішінде жерленген, жанында араб графикасымен ескі ноғайша жазылған мәтіні бар құлпытас орнатылған. Тау биігінде ұрпақтарынан үлкен белгітас қойылған, оның мәтіні: «Қара суды кері ағызған дұғамен, айтқан сөзі жанға шипа болған ем. Айдаболдан шыққан асыл әулие, абыз баба аруағына бас ием». Библиография: 1. Құрманбай абыз. Б. Байпақбаев, М-Қ. Шәріпов. Астана, 133 б. 2. Ақпарат берушілер Мухамет-Кайыр Шарипов, Болаткажы Байпакбаев, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жанатілек ауылы.