Карта сакральных мест Павлодарского Прииртышья

Қосым Пшенбаев Қызылтау тауларының етегіндегі батыс жақта орналасқан Сәрсенбай бұлағының маңында дүниеге келді, құлболды руынан. Ең алғашқы геолог, ақпарат берушілердің айтуынша өз жерінде Нұрғали Таушабаев ашқан діни медреседе білім алған, арнайы білімі болмаса да туа біткен дарыны болған. Ол бірнеше жерлерді ашқан (Жамантұз, Майкөбе, Қандықарасу, Қарасор, Шөптікөл, Желтау, Майқайын), бірақ ең басты ашуы 1895 жылы анықталған Екібастұз жеріндегі көмірдің табылуы. Пшенбаев Қосым бұл жерлерді ежелгі металлургтердің ізімен анықтаған, рудалардың жер бетінде жатуы және сол өңірдің өсімдіктер әлемін салыстыру арқылы. Қосым ірі денелі, батыр тұлғалы адам болған, бірнеше бағытта шебер болған – ұста, зергер, жер өлшеуші, руда танушы, егінші. Қосым Пшенбаев 1932 жылы қайтыс болды, туған ауылының Мақаш зиратында жерленді. Оның мазары Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округінің Жұмат Шанин ауылынан солтүстікке қарай 25 км шақырым жерде орналасқан (географиялық координаталар: N50°21'03,54" E76°01'28,61"). 1994 жылы Қосым Пшенбаевтың 150-жылдығына байланысты «Екібастұзкөмір» кәсіпорны оның зиратында мазар көтеріп, рулық зиратты қоршауға алды. Мазар төртбұрышты формада, силикатты кірпіштермен қаланған, алдыңғы бөлігінде жерленген адамның аты-жөні мен өмір сүрген жылдары көрсетілген құлпытас орнатылды. Екібастұз көмір кенішін алғаш ашқан адам Қосым Пшенбаев мазары Павлодар Ертіс өңірінің киелі жерлерінің бірі болып табылады. Жергілікті тұрғындар дұға оқып, аруағына тағзым етеді. Библиография: 1. А.Кульниязова. История родного края. Неизвестное о Косыме. Мақала. 2. Ақпарат беруші Нығмет Жаминов, Баянауыл өлкетанушысы.