Карта сакральных мест Павлодарского Прииртышья

Жоңғар басқыншылары халқымызды 1723 жылы ақтабан-шұбырындыға ұшыратқаннан кейін қазақтың шұрайлы жерлерінің бірі Сілеті өңіріне қоныс теуіп, бекініп алған екен. Тоғайы қалың, суы мен шөбі мол ертіс өзенінің бойы мал баққан көшпелі халықтың қыстауына қолайлы. Ал жазда қыр жазығы таптырмайтын кең жайылым. Бірде жазғы жайылымға көшейін десе, Жалаулы мен Сілеті бойын қалмақтар басып алған көрінеді. Өз жерін қорғау мақсатында Ертіс бойының батырлары күш біріктіріп, жауға аттанады. Солардың бірі қыпшақтан шыққан Жазы батыр болды. Батырдың ерлігі мен шайқастары туралы жазба деректер жоқтың қасы, халық жадында сақталып қалған аңыз-әңгімелер мен деректер ғана. Солардың бірі Мағзұм Ахметұлы келесі ақпаратты келтіреді: «Жазының жасөспірім кезінде қалмақ ханы Сыбанның Шарш (Чаршы) деген батыры болған. Шарш - заманының хас батыры, зордың зоры екен. Ол келе жатқанда қазақтар үрке қашатын болған. Шаршқа қазақтан жекпе-жекке келетін батыр болмаған. Қазақтың қолын қиратып, қайратын сөндіріп, қанын судай шашып тұрған мезгілде, қазақтан Жазы, Малайсары батырлар шыққан. Жазы 19 жасында ат үстінде батырлық қылған. Бір соғыста қалмақтың Шарш батырына қарсы қазақтан Жазы батыр шығады. Бұрыннан «менің бетіме кім шығады» деп, биманас ағып жүрген Шарш «мен, мен» деген тәубәсіз біреу екен, бір салып жығамын» деп ойлап, найзасын бір салып өте береді. Жазы аттан жығылмай, сау қалады. Кезек Жазыға келді. Шарш Жазының аман қалғанына «нағып қалды» дегенде, бетін бұрып алып: «Сен қай баласың, менің ұрғаныма шыдап қалған?» деді. «Менің кім екенім не керек, менің бала екенімді қаруласқанда айтарсың, менің атым Жазы, арманда қалмай естіп кет» деп, қос қолдап тұрып көк желкеден бір салып өткенде Шарш аттан өкіре құлап, аты ойнап шыға берді дейді. Қалмақтар оны көріп, көбі жан-жаққа быт-шыт болып қашты. Қазақ батырлары қашқан қалмақты соңынан қуып, қойдай қырып, шауып, шаншып, қиратып, қанша аттың саймандарын олжа қылып, қарық болыпты. Сонда Абылайдың жолы болып, мерекеге батып, жорықтан қуанып қайтыпты». Жазы батыр Сілеті бойында, Бестөбе маңында болған сұрапыл соғыс кезінде зеңбірек оғынан мерт болған. Ел аңызында Түгел батыр: «Інімнің мәйітін туған жеріне апарып жерлеймін», - делінеді. Оның зираты Ертіс ауданының Қызылағаш ауылының шығыс жағындағы батырдың өз есімімен аталатын Жазы төбесінің үстінде. Жоңғарлармен соғыс кезінде даланы бақылау үшін қарауылдар осы төбеде орналасқан деседі. Төбе биігінен айналадағы 15-20 шақырым қашықтық өте жақсы көрінеді. Жазы батырдың басына алғаш құлпытасты оның ұрпақтарының бірі Тиыштыбай молда тоқсан жасында, 1961 жылы орнатыпты. Ол тас қирағаннан кейін қабыр қоршалып, құлпытас Ертіс ауданының азаматтары Амантай Мусин мен Беке Мұхаметжановтың басшылығымен 1995 жылы қайтадан орнатылды. Батырдың құрметіне ас берілді. Бүгінгі күні Жазы батырдың мазары Ертіс ауданының киелі жерлерінің бірі болып табылады. Қазақ – жоңғар соғыстары кезінде туған жері үшін жанын құрбан еткен батыл да батыр болған Жазы батыр халық жадында мәңгі сақталып, пір тұтылады. Библиография: 1. Жаманбалинов М., Бәделханов А. Түгел батыр және оның ұрпақтары (тарихи аңыздар, шешендiк толғаулар, шежiре-деректер). - Павлодар: ЭКО, 1998. - 121 б. 2. Еңсебаев Т.А. Павлодар өңірінің тарихы туралы очерктер: 2 том – Павлодар: ПМПИ, 2017. – 228 б. 3. C. Молдайып. Жазы батыр. Сарыарқа самалы. http://saryarka-samaly.kz/index.php?id=1626