Карта сакральных мест Павлодарского Прииртышья

 

Исабек ишан қазақ қоғамының ерекше әлеуметтік тобына жатады, «қожа» руының өкілі болған, олардың көмегімен далалық жерде ислам діні таралды. Ол еліміздің оңтүстік аймақтарында мекендеген атақты Саид-қожа руынан тарайды. Исабек ишанның әкесі Мұрат ишан алғашқылардың бірі болып XVII ғасырдың аяғында Сарыарқаның төріне келген болатын.

Кішкентай кезінен оқуға деген қызығушылық пен діни білімге құмар болды. Жеті жасынан он тоғыз жасына дейін Исабек ишан медреседе білім алды. Он төрт жасында есіміне «Ишан» атағын қосып алды. Білімін Бұқара қаласында жетілдірді.

ХIХ ғасырдың басында Ақкөл-Жайылма өңірінде медресе ашып, мешіт салып орта жүз қазақтарына діни, ағартушылық қызмет атқарды. Халық оған көптеген қасиеттерді дарытқан. Ерекше қасиеттері туралы аңыздар болған. Елдің әр жерінен адамдар келіп, оған құрмет көрсеткен. Кейінірек халық оны әулие деп пір тұтты.

         Қазіргі уақытта Исабек ишан кесенесі тарихи-мәдени маңызға ие қасиетті жер болып саналады. Қазақтардың синкретикалық көзқарасында Исабек ишан кесенесі киелі жер, яғни қасиетті аруақтың қолдайтын, қорғайтын жері, сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер саны азаймайды. 

Павлодар облысы Екібастұз қаласының Ақкөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде, Екібастұз қаласынан 70 шақырым жерде Исабек ишанның кесенелік кешені орналасқан. Ол ақ тастан салынған екі кесенеден, мешіт және табынушылар үйінен құралған кешенді құрылыс (географиялық координаттары   N52°15'22.5" E74°55'33.4"). Үш күмбезді кесенеде Исабек ишан, оның ұлы Нұрмұхамед және кіші інісі Мухаммед Нияз жерленген. Бір күмбезді кесенеде Исабек ишан ұрпағы болып табылатын қасиетті Жандарбек қожаға арналған.

      

Библиография.

  1. М.Ж. Көпеев.Таңдамалы. 1 том. - Павлодар: ЭКО. - 2003. – 436 б.
  2. В урочище Кылдыколь Экибастузского района построен мавзолейный комплекс Исабек Ишан Хазрета // С. Гарбунов, zakon.kz  http://www.zakon.kz/4464092-v-urochishhe-kyldykol-jekibastuzskogo.html
  3.  Исабек ишан. Арын Е.М. - Павлодар, 2011.- 380 б.