Карта сакральных мест Павлодарского Прииртышья

Таймау әулие Қыпшақ руынан шыққан, Қобыланды батырдың ұрпағы. Қаракөз атты қалмақ қызынан туылған әулие көріпкелдік пен емшілік қасиеттерге ие болған. Осы қасиеттері оны Сарыарқаға танымал етті. Әулие XVIII ғасырдың ортасында өмір сүрді. Оның шын есімі Ботақара. Ерекше қасиеттері үшін халық оны «әулие» атап кетті және ел арасында Таймас әулие есімімен белгілі болды. Бір аңыздарда былай делінеді: «Таймас әулие бірде бір ауылдың маңынан өтіп бара жатып, ауырып жатқан адамның қиналғанын сезеді. Сол кісіге көмектесейін деп ауылға бұрылып, сол адамның қайтыс болғанын естиді. Әулие бар даусымен адамдардың үйден шығуын сұрап, өз рәсімін бастайды. Адамның мәйітін айналып жүріп, қабырғадағы ілулі тұрған сырмақты қамшылайды. Соққы тиген кезде дыбыс шығады. Ұрып отырып, далаға шығады, киіз үйді айналады. Ұзақ жүгіріп, шаршаған әулие үйге кірген кезде қайтыс болған кісі көзін ашады». Таймас әулие кесенесі Павлодар облысы Ертіс ауданы Ұзынсу ауылынан батысқа қарай 22 км жерде орналасқан (географиялық координаталар: N53°28'00,81"E74°44'12,81"). Декоративті тастардан қаланған орталық бөлігі күмбезделген төртбұрышты құрылыс. Кесененің жоғарғы бөлігі күмбезделген, шаңырақ тәрізді металл құрылыста, сонымен қатар кесененің бұрыштарында жарты айлар орнатылған. Оңтүстік бөлігінде араб графикасымен жазылған құлпытас тұр, кіре беріс бөлігі портал тәрізді металл есікпен жабдықталған.Кесененің ішкі бөлімінде тік төртбұрышты жерлеу, жабайы тастардан қаланған, үсті өсімдік тектес оюмен безендірілген қоршау жасалған. Кесене едені жабайы тастармен төселген. Кіре беріске қарсы граниттен жасалған подиум-витрина орналасқан, онда кесененің құрылысы кезінде табылған құран көрсетілген. Подиумның беткі жағында келесі сөздер қашалған: «Қызығыңа мың жылда тоймас елім, сенемін мен, шын асыл жоймас тегін. Өзіме тартып тұған, ұрпақ болса, аруағымды жүдетіп қоймас менің. (Түгел батыр)». Кіре беріс жақтан оңға қарай қасиетті ағаш өсіп тұр, бұтақтарына табынушылар орамалдар, түрлі-түсті мата қалдықтары ілген. Жоғарғы жақта садақа салатын жәшік қойылған. Кесененің алдында тас стела орнатылған, онда келесі сөздер жазылған: «Тегі қара қыпшақ руы Бұлттың қыпшақ түп аталары Ожыралы – Сағал әкесі Түгел батыр өз аты Батақара/ халық арасында Таймас аулие атанып кеткен. ХVIII ғасырдың орта кезінде өмір сүрген/ Кесенені 2012 ж. ұрпақтары тұрғызды». Кесененің солтүстік жағы металл қоршаумен қоршалған, қалған бөлігінде ор қазылған. Кесенеге баратын жолды жабайы тастармен қалаған, аумағында табынушыларға арналған үй, құрбандық шалатын жер және ас пісіретін қазан-ошақ қойылған. Қазіргі күні Таймас әулие кесенесі маңызды киелі жерлердің бірі болып табылады. Халық арасында әулиенің қасиеттілігі мен жақсы істері туралы көптеген мәліметтер сақталған. Павлодар Ертіс өңірінің қазақтары әулиені еске алып, ас беріп, дұға оқиды. Библиография: 1. Жаманбалинов М., Бәделханов А. Түгел батыр және оның ұрпақтары (тарихи аңыздар, шешендiк толғаулар, шежiре-деректер). - Павлодар: ЭКО, 1998. - 121 б. 2. Жұматов Ғ. Таймас әулие // Шаһар, 2012. - 22 маусым. – 16 б. 3. Самат Маненов. Атамекен. Павлодар, - 2016 ж. 48 б.